Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман әл-Зайдпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік ислам лигасы арасындағы, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланып, халықаралық деңгейде дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Қазақ дипломаты сұхбаттасын осы жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дайындық жұмыстары туралы мәлімет берді.
Өз кезегінде, Абдулрахман әл-Зайд Съездің бастамаларын толық қолдайтынын айтып, оның жұмысын жоғары бағалады. Діндер арасындағы құрмет пен түсіністікті нығайту, сондай-ақ әлемде бейбітшілік пен үйлесімділік орнату мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге өз тарапынан дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Елшісі Бас хатшы орынбасарына Съездің құрмет медалін табыстады.