Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық Парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының (DCAS) төрағасы Джузи Принчимен, сондай-ақ Еуропалық Парламент Спикерінің дипломатиялық кеңесшісі Сильвия Косинскаямен бөлек кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ Еуропалық Парламент делегациясының өткен жылдың қараша айында Астанада өткен ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық жөніндегі 21-ші Комитетке қатысуының қорытындыларын талқылады.
2025 жылы парламент делегацияларының өзара сапарларын ұйымдастыру мәселелері жеке талқыланды. Сонымен қатар парламентаралық тректе ынтымақтастықты дамыту перспективаларына және Орталық Азия - Еуропалық одақтың 2025 жылға арналған күн тәртібі шеңберінде бірлескен іс-шараларды талқылауға ерекше назар аударылды.
Қазақ дипломаты Еуропалық Парламент делегациясының Қазақстанға сапары үшін ризашылығын білдіріп, елдің парламентаралық форматтар тетіктері арқылы ЕО-мен қатынастарды жандандыруға ұмтылысын атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін белсенді диалогты қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.