Қазақстан мен Моңғолия байланыстарды нығайтуда

1551
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Ұлы мемлекеттік хуралының «Моңғолия-Қазақстан» парламенттік достық тобының төрағасы Ухнаагийн Отгонбаярмен және аталған топ мүшелері депутаттар Қажекбер Жанғабыл мен Сонгобай Замирамен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.  

Кездесу барысында тараптар 2024 жылғы қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлан-Батырға жасаған мемлекеттік сапары барысында стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген қазақ-моңғол қатынастарының ағымдағы жай-күйі бойынша пікір алмасып, екі ел арасындағы саяси диалогты, оның ішінде тығыз парламентаралық байланыстарды нығайтудың, түрлі саладағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүйелі түрде жүзеге асуына екі мемлекеттің заң шығарушы органдары тарапынан барынша қолдау көрсетілуінің бауырлас екі елдің ортақ мүддесі үшін маңыздылығын баса айтты.

У. Отгонбаяр қазақ дипломатын моңғол парламентінің ағымдағы жұмысымен қысқаша таныстырды. Сондай-ақ Моңғол империясының көне астанасы Қарақорым кезінде орналасқан жерде жаңа қала салу бойынша Парламентте маңызды шешімдердің қабылданғанын хабарлап, Қазақстанның бұл саладағы бай тәжірибесін ескеріп, Жаңа Қарақорымның құрылысына қазақ тарапының да белсенді атсалысатынына үміт білдірді.

Өз кезегінде Ғ. Қойшыбаев моңғол әріптесін 2024 жылғы парламенттік сайлауда Ұлы мемлекеттік хуралдың депутаты болып сайлануымен және «Моңғолия-Қазақстан» парламенттік достық тобының төрағасы болып бекітілуімен құттықтап, екі ел парламенттерінің достық топтарының тығыз байланыс құруына мүдделілік білдірді және қазақстандық дипөкілдік тарапынан парламентаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге барынша жәрдем көрсетілетініне сендірді.

Сұхбат барысында тараптар сондай-ақ алдағы кезеңдегі парламентаралық ықпалдастық саласындағы бірлескен іс-шаралар кестесі мен сапар алмасу жоспарларын талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -