Іскерлік және мәдени байланыстар орнату мақсатында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов Словенияның оңтүстік өңірінің әкімшілік орталығы Копер қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қала басшысы Алеш Бржанмен кездесу барысында экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жолға қою жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Елшісі Копер басшылығына ШОБ қолдау шаралары, АӨК дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, Қазақстан экономикасының басым секторларында инвесторлар үшін преференциялар мен субсидиялар беру туралы хабарлады. Тараптар сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты жолға қою және Ақтау мен Копер қалалары арасындағы егіз байланыстар орнату туралы келісімге қол қою мүмкіндіктерін талқылады.
Жерорта теңізінің ірі контейнерлік порты «Лука Копер» және өңірдің Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен кездесулерде Қазақстанның транзиттік-көліктік мүмкіндіктері, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес ынтымақтастық үшін перспективалық бағыттар таныстырылды.
Д.Сарекенов «Лука Копер» портының басшылығын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қауымдастығына қосылуға, ал өңірдің компанияларын Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі – «Astana Hub»-пен ынтымақтастыққа шақырды.
Сонымен қатар тараптар екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылда, әсіресе логистика, көлік және туризм салаларында тиімді ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.