Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 4-ші отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов бастап барған болатын. Шараға екі ел Парламенттерінің депутаттары, салалық министрліктердің, аймақтық мемлекеттік органдардың және дипломатиялық құрылымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Отырыс барысында екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық серіктестікті дамыту және Орталық Азияда бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі маңызды бағыттар талқыланды. Жақып Асанов өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігіне тоқтала келіп, өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететін бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда парламентаралық комиссияның ерекше рөлін атап өтті.
Тараптар кездесу соңында 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеуге келісті. Бұл құжат бірлескен күш-жігерді үйлестірудің негізі болмақ.