Даму стратегиясы: Қазақстан ЭЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтарын айқындады

2310
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) Жоғары деңгейдегі комитетінің 1-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырысқа Әзербайжан, Иран, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, және Түрікменстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Қырғызстанның ЭЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі, сондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық экономикалық мәселелер бойынша бас директоры қатысты.

Отырысты аша отырып, Қазақстан СІМ басшысының орынбасары Ұйымды жаңа экономикалық болмысқа бейімдеу және өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Қазақ дипломаты Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығының басымдықтарын белгілеп, көлік-логистикалық байланысты, сауданы, технологиялық өзара іс-қимылды және ЭЫҰ-ның институционалдық дамуын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамудың маңыздылығын атап өтті.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ ЭЫҰ-ны дамытудың негізгі мәселелерін, соның ішінде Ұйымның институцияналдық әлеуетін нығайтуды талқылады. Тараптар заманауи экономикалық сын-қатерлер мен трендтерді ескеретін «ECO Vision 2035» жаңа стратегиялық құжатын әзірлеудің маңыздылығын растады. ЭЫҰ жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған құрылымдық реформаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу аясында Ә.Бақаев пен ЭЫҰ Бас хатшысы Асад М.Ханның екіжақты кездесуі өтті.

Қазақстан 2025 жылы ЭЫҰ төрағасы ретінде Ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға және экономикалық интеграцияны тереңдетуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде ілгерілетуге ниетті.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) 1985 жылы құрылған. ЭЫҰ-ның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық, техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту. ЭЫҰ-ға Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия мүше. Қазақстанның ЭЫҰ-ға ресми қосылуы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 1992 жылғы 28 қарашада Исламабадта (Пәкістан) өткен шұғыл отырысында жүзеге асырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -