Антикор басшысы Ұлыбритания Елшісімен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Личпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалармен және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылып жатқан Агенттік қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Жүргізіліп жатқан жұмыс жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, қоғамның парасаттылығын дамытуға, бизнес пен азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға, заңсыз алынған активтерді қайтару тиімділігін және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті арттыруға, сондай-ақ елдің халықаралық имиджі мен инвестициялық тартымдылығын нығайтуға ықпал етеді.
А. Жұмағали британдық тараппен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жемқорлыққа қарсы озық стандарттарына қол жеткізуге бағытталған өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Кэтрин Лич тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру туралы уағдаласты.