Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Элек Надьпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуге сондай-ақ Палата президентінің бас кеңесшісі Габор Киш және халықаралық істер жөніндегі директор Флора Палмай қатысты.
Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Елші Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мажарлық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Осыған байланысты «QazTrade» ұлттық компаниясының қолдауымен қазақстандық компаниялардың бизнес-миссиясын ұйымдастыру және Мажарстан Сауда-өнеркәсіп палатасының тең ұйымдастырушы ретінде қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстан-Мажарстан инвестициялық жобаларының портфелі жалпы құны 900 млн АҚШ долларын құрайтын 18 жобаны қамтиды. Олардың қатарында энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, фармацевтика, жаңартылатын энергия көздері және IT салалары бар.
Сонымен қатар Елші Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорының маңыздылығын атап өтті. Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның келіссөздері аясында ұсынылған болатын. Қазіргі уақытта екі елдің экономика министрліктері қорды нақты жобалармен толықтыру мәселелері бойынша белсенді консультациялар жүргізуде. Осы тұрғыда бірлескен инвестициялық бастамалар портфелін әзірлеуге дайын екенін білдіріп, Мажарстан Сауда-өнеркәсіп палатасынан Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытатын мажар компанияларын тартуға жәрдемдесуді сұрады.
Кездесу барысында қазақ тарапы мажар әріптестерін биыл мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Форум Қазақстан мен Мажарстан арасындағы инвестициялық және сауда ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған маңызды алаң болмақ.
Өз кезегінде Мажарстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Э.Надь Мажарстанның Қазақстанмен серіктестікті дамытуға жоғары қызығушылығын растап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстандағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде салықтық жеңілдіктер, натуралды гранттар, арнайы экономикалық аймақтардағы артықшылықтар, сондай-ақ инновациялар, су ресурстары және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар Қазақстан-Мажарстан экономикалық серіктестігін одан әрі дамытуға бейілділіктерін растады және барлық өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.