UWW президенті Астананың спорт инфрақұрылымына жоғары баға берді

6204
Фотосурет: Gov

Біріккен күрес әлемі (UWW) президенті елордадағы спорт нысандарын аралады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанға ресми сапармен келген Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының президенті Ненад Лалович елордадағы спорт нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Ненад мырза алдымен 2020 жылдың соңына қарай пайдалануға берілген Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) сертификатына ие. Бұл сертификат мұнда ең жоғары деңгейдегі кез келген жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Кешенде жүгіру жолдары бар атлетикалық алаң, бассейн, қонақ үй, балалар алаңы, фуд-корт, тренажер залы, ядро лақтыру алаңы, биіктікке және ұзындыққа секіруге арналған жаттығу алаңдары орналасқан.

Сондай-ақ Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының президенті Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайына барды. Жекпе-жек сарайы – күрес түрлерінен (грек-рим, еркін, әйелдер күресі, дзюдо, каратэ, таэквондо, аралас жекпе-жек) халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігі бар бірегей спорт кешені.

«Астанаға кезекті рет келгеніме қуаныштымын! Елордаларыңыз бұрынғыдан да көркейіп, сән-салтанаты жарасқан, көз тартарлықтай әсем ғимараттармен толыға түскен. Бүгін Астананың ажарын ашып, спортты қалаға айналдырған бірнеше спорт кешенін аралап, тамаша инфрақұрылыммен таныстым. Халықаралық деңгейдегі спорт нысандары өте жоғары деңгейде, спортшылар мен жанкүйерлерге ыңғайлы етіп салынған. Бұл нысандардың кез келгені халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға қабілетті» Ненад Лалович

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -