Жолдар мен метро: Қытай Алматының инфрақұрылымдық жобаларына қатысуын кеңейтеді

2739
Фотосурет: Gov

ҚХР-ға ресми сапар аясында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытай Экспорттық-Импорттық банкінің (China Exim Bank) президенті Ван Чуньинмен кездесуі өтт, деп хабарлайды DKnews.kz.

Келіссөздердің басты тақырыбы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру шарттарын талқылау, атап айтқанда, Алматы метрополитенінің желісін кеңейту болды.

«Біз белсенді және жемісті ынтымақтастықтың негізі болып табылатын елдеріміздің көшбасшылары арасындағы тығыз саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Алматыда метро желілерін салу жөніндегі жобалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен сыртқы қарыз алуды тарта отырып, ЕРС+F-келісімшарт қағидаты бойынша іске асырылатын болады. Біз осы жобаны қаржыландыру шарттары бойынша China Exim Bank ұсыныстарын егжей - тегжейлі талқылауға дайынбыз, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуға шақырамыз» Ерболат Досаев

Өз кезегінде, Ван Чуньин ханым Exim Bank Қазақстанда 16 жыл бойы түрлі жобаларды қаржыландырумен айналысып келе жатқанын және жол инфрақұрылымын, энергетиканы, өнеркәсіпті және жылжымайтын мүлікті салу объектілерін инвестициялауда мол тәжірибесі бар екенін хабарлады.

«Біздің Қазақстанмен өзара іс-қимылымыздың маңызды саласы көлік, инфрақұрылымдық құрылыс салу болып табылады. 5 ірі жол жобасы бойынша бізде 2,4 млрд. АҚШ доллары көлемінде келісім шарт жасалған. Қазір біз Алматы әкімдігімен ынтымақтастық үшін барлық күш - жігерімізді жұмсауға дайынбыз» Ван Чуньин

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға және серіктестік қатынастарды нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

China Exim Bank (Қытай Эксим банкі) 1994 жылы құрылған. Банктің Қытайда, Парижде 32 филиалы, сондай-ақ Гонконгта, Африканың бірқатар елдерінде, Ресейде, Польшада, Чилиде және Өзбекстанда өкілдіктері бар. Банк Қытайдың сыртқы саудасын, инвестицияларын және халықаралық экономикалық ынтымақтастығын қолдаумен айналысады, тұрақты дамуды қолдау үшін «жасыл» несиелеуді белсенді түрде ілгерілетуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -