САК Инвестициялар министрлігінде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестициялар министрінің орынбасары Сара бинт Абдулрахман әл-Саедпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, олар екі елдің түрлі салалардағы бизнес-қауымдастықтары үшін қажетті жағдайлар жасау және бірлескен жобаларды қаржыландыру арқылы тауар айналымы мен өзара инвестициялар көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
Осы тұрғыда М. Меңілбеков Қазақстанның ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан Сауд Арабиясының Инвестициялар министрі Халид әл-Фалихке 2025 жылғы мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақыруды табыс етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.