Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік көмегін көрсетуде

4147
Фотосурет: Gov

Қазақстан серіктестерімен бірлесіп Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

 «Орталық Ауғанстанда тұрақты даму мақсатында бидай өсіруді ілгерілету» бағдарламасының ресми ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов қатысты.

Бағдарлама Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (АТҚИҰ) Қазақстан мен Түркияның, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) және Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) қолдауымен ұйымдастырылды. Жобаны қаржыландыруды Қазақстан, АТҚИҰ, Түркия, TIKA және АӨСШК бірлесіп жүзеге асыруда.

Ашылу рәсіміне Ауғанстанның Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары С. Азам, Логар провинциясының губернаторы З. Мадани, Ауғанстандағы Түркия елшілігі басшысының орынбасары Б. Бирал, АТҚИҰ өкілі Э. Юксек және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Бағдарлама аясында Логар провинциясының фермерлеріне гуманитарлық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, Лалми және Амир сорттарының 15 тонна бидай тұқымы Бараки-Барак, Мохаммад-Ага және Пули-Алам аудандарындағы 300 фермерге таратылды. Сонымен қатар топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында 15 тонна тыңайтқыш пен 30 тонна несепнәр берілді.

Логар провинциясының губернаторы Қазақстан, Түркия, АТҚИҰ, АӨСШК мен TIKA-ға Ауғанстан халқына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, ауған шаруалары бидай тұқымына, сондай-ақ бұршақ және жасымық сияқты басқа да дақылдарға мұқтаж.

Осыған байланысты губернатор бидай тұқымдарын жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекті жалғастыруды, сондай-ақ ауған шаруаларын қолдау мақсатында жаңа суару жүйелері мен ауыл шаруашылығы техникасын ұсыну мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2013 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылып, оның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Ұйым құрамына Африка, Азия, Еуропа және Оңтүстік Американың 34 мемлекеті кіреді. АТҚИҰ мүше елдердегі азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, азық-түлік қорларын құру, ауыл шаруашылығы саясатын үйлестіру және басқа да маңызды міндеттерді шешумен айналысады. Ұйым сондай-ақ Ауғанстанға тұрақты түрде азық-түлік көмегін көрсетіп келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -