Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Пенсильвания штатына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тілеулин және Нархоз университетінің вице-президенті Айгерим Раимжанова штаттың жетекші университеттерімен келіссөздер жүргізді.
Екі елдің білім беру институттары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Пенсильвания университеті (UPenn) ректорының орынбасары Эми Гадсденмен және Drexel University ректорының орынбасары Рохелио Минанамен кездесулер өтті.
Келіссөздердің басты тақырыбы бизнес-әкімшілендіру, мемлекеттік басқару, IT, құқық және білім беру менеджменті сияқты бірқатар бағыттар бойынша академиялық әріптестік даму мүмкіндіктері болды. Тараптар бірлескен модульдер, сертификаттау курстары, академиялық ұтқырлық, ғылыми мектептер және қос диплом бағдарламалары сияқты ынтымақтастық форматтарын талқылады.
«UPenn және Drexel сияқты беделді университеттермен ынтымақтастық біздің студенттер мен оқытушыларға қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз пәнаралық білім беру бағдарламалары мен жаһандық бастамаларды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікке сенеміз» Айгерим Раимжанова
Жұмыс сапары аясында Р. Тілеулин сондай-ақ Қазақстан мен Пенсильвания штаты арасындағы экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Филадельфия қаласының Сауда департаментінің басшысымен және Пенсильвания штаты халықаралық бизнес дамыту жөніндегі кеңсесімен өткен кездесулер экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын және штат компанияларын АӨК өнімдерін терең өңдеу, денсаулық сақтау және IT сияқты салалардағы бірлескен жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік берді.