Қазақстан мен Өзбекстанның өнеркәсіптік ынтымақтастығы жаңа деңгейге шығады

3179
Фотосурет: Н.Байбулин

Сенат «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгін Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар халықаралық келісімді ратификациялады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Орталық шекаралас аумақтарда орналасқан және оның әр бөлігі өз мемлекетінің құзырында болады.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіп саласындағы жаңа кооперация орталығының құқықтық негізін айқындайды. Соның аясында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының мәртебесі, оның қызмет түрлері мен құзыреті белгіленді. Алдағы уақытта заң бауырлас екі елдің іскерлік байланыстарын арттыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға оң ықпал тигізеді деп сенеміз» Мәулен Әшімбаев

Депутаттар атап өткендей, орталықтың қызметі Тараптар мемлекеттерінің шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық қосылған құн тізбегіне интеграциялау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Заң нормалары шекара маңындағы аумақтардың өндірістік базасын пайдалану тиімділігін арттыруды, орталық территориясында құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндіріс процестерін оңтайландыруды, олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуды, сондай-ақ, инновациялық және ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуды көздейді.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Андрей Лукин жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын бюролардың заңсыз қызметіне, зираттарды күтіп ұстауға және осы салада мемлекеттік бақылаудың болмауына қатысты мәселелерге назар аударды. Осыған байланысты депутат «Жерлеу ісі туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын әзірлеуді ұсынды.

Геннадий Шиповских өз сауалында еліміздің қорғаныс өнеркәсібін реформалау қажет екенін айтты. Оның айтуынша, нақты жоспардың болмауына байланысты бизнес өзгерістерге алдын-ала дайындала алмайды. Соның салдарынан салада айтарлықтай қиындықтар туындап отыр.

Марат Қожаев жол апаттарының артқанына назар аударып, Үкіметті жүргізушілер даярлайтын ұйымдарға жүргізілетін мемлекеттік бақылауды күшейтуге шақырды. Сондай-ақ ол жасырын патрульдеуді пайдалану ісін кеңейтуді және жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзған жүргізушілер үшін емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев ауыл шаруашылығы жерлері мен жайылымдардың тапшылығына байланысты туындаған проблемаларды көтеріп, аталған келеңсіздік аграрлық сектордың дамуына кедергі келтіретінін және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтты. Депутаттың пікірінше, орманды қысқа мерзімді пайдалану тәртібін қайта қарау, жер заңнамасына өзгерістер енгізу және жерді цифрлық сәйкестендіру қажет.

Закиржан Кузиев қант өндірісі саласында қордаланған мәселелерге тоқталып, Жамбыл және Жетісу облыстарында шағын қайта өңдеу зауыттарын салу арқылы бұл түйткілді оңтайлы шешуге болатынын айтты. Сондай-ақ депутат Тараз қант зауытында меншік иелерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына байланысты тексеру жүргізудің маңызды екенін тілге тиек етті.

Ғалиасқар Сарыбаев биозертханалардың ескіруіне және биоқауіпсіздік саласындағы мамандардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Сауалда кеңес дәуіріндегі биоматериалдар орналасқан полигондардың сақталуына, жердің тозуына және биоинженерия мен биоинформатикада жасанды интеллектті қолданудың маңыздылығына қатысты мәселелерге баса мән берілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -