14 наурыз, Нью-Йорк. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған Қазақстан делегациясы 10-21 наурыз аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 69-сессиясына қатысып жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сессияның негізгі тақырыбы – 1995 жылы Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда қабылданған әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы түйінді құжат – Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасын іске асырудағы прогресті бағалау. Бұл құжат бүкіл әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін 12 басым бағытты айқындайды.
Дания Еспаева сессияның жалпы пікірталастарында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның гендерлік теңдік саласындағы міндеттемелерді орындауға бейілді екенін және елдің «орта держава» ретіндегі мақсаттарына қол жеткізу үшін әйелдер әлеуетін пайдалануға мән беретінін атап өтті. Ол Қазақстанның осы саладағы прогресі және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі алдағы шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ 4 наурыз күні БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматыда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталығын құру туралы қарарының қабылданғанын еске салды. Оның міндеттерінің бірі – гендерлік бағдарланған Орнықты даму мақсаттарын енгізу және ілгерілету.
Бейжің конференциясының 30 жылдығына арналған министрлердің дөңгелек үстелінде Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің Бейжің декларациясын іске асырудағы жетістіктері, атап айтқанда, әйелдер үшін тыйым салынған кәсіптер тізімінің жойылғаны, көпбалалы кәсіпкер әйелдерге арналған гранттар жүйесі, отбасының цифрлық картасы және Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы айтты.
Қазақстан делегациясы сессия аясындағы және оның алаңдарындағы іс-шараларға белсенді қатысты.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Снежанна Имашева Парламентаралық одақтың әйелдердің саясатқа қатысуын кеңейтудегі парламенттердің рөліне арналған іс-шарасында сөз сөйледі. Ол Қазақстан Парламенті гендерлік бағдарланған заң шығару мәселелері бойынша басқа елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасып, әйелдер құқығын қорғау, олардың мүмкіндіктерін кеңейту және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері бойынша ұлттық заңнамаға озық әлемдік тәжірибені енгізіп жатқанын атап өтті.
Қазақстан делегациясы Өзбекстанмен бірлесіп және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен Орталық Азияда гендерлік теңдікті ілгерілетуге арналған тақырыптық отырыс өткізді. Іс-шараға мүше мемлекеттердің делегаттары, БҰҰ, үкіметтік емес ұйымдар мен академиялық ортаның, соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азия өкілдері қатысты. Қатысушылар Бейжің конференциясының мақсаттарын іске асыруда өңір елдері қандай жетістіктерге қол жеткізгені және жалпыға ортақ гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында қандай кедергілер мен сын-қатерлер бар екендігі туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Баяндамалар қызу интерактивті пікірталасқа ұласты.
Сессия жұмысына Қазақстан делегациясының белсенді қатысуы тәжірибе алмасуға, Қазақстанның әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге толық бейілділігін растауға, «Әділетті Қазақстан» құруға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар туралы әлемдік қауымдастыққа хабарлауға мүмкіндік берді.