Қазақстан исламофобияны айыптайды және діни құндылықтарды қорғауға шақырады

1672
Фотосурет: Gov

БҰҰ штаб-пәтерінде Халықаралық исламофобияға қарсы күрес күніне арналған Бас Ассамблеяның пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының төрағасы Филемон Янгтың басшылығымен өткен іс-шараға БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос, Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед Әл-Исса, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары және басқа да жоғары деңгейдегі делегаттар қатысты. Сондай-ақ кездесуде БҰҰ, ИЫҰ бас хатшылары мен Әл-Азһардың Бас имамы шейх Ахмед әл-Тайебтің мәлімдемелері тыңдалды.

Өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров халықаралық қоғамдастықты діни төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы іс-қимыл жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырып, Қазақстанның исламофобиямен күреске және дінаралық диалогты нығайтуға бейілділігін тағы да атап өтті.

«Исламофобия көбінесе саяси мақсаттарда қолданылады, алшақтық пен төзбеушілікті тереңдетеді. Бұл діни сенім бостандығын шектеу, қасиетті рәміздерді қорлау және мұсылман қауымдастықтарын маргиналдандыру арқылы көрінеді» Қайрат Омаров

Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясындағы жалпы пікірталас барысында қасиетті кітаптарды қорлау әрекеттерін айыптағанын еске салды:

«Исламға немесе кез келген басқа дінге қарсы мұндай варварлық әрекеттер қолайсыз. Барлық қасиетті кітаптар, оның ішінде Құран, заңнамалық деңгейде бұзақылықтан қорғалуы керек»

Қ. Омаров Қазақстан дәстүрлі түрде Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болып, дінаралық және мәдениетаралық диалог идеяларын ілгерілететінін атап өтті. Бұл тұрғыда Астанада 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі маңызды рөл атқарады. 2025 жылғы қыркүйекте жоспарланған VIII Съезд «Діндер диалогы: Болашақ үшін синергия» тақырыбында өтеді және әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші діни көшбасшылар мен сарапшыларды жинайды.

«Бұл форум өзін әлемдік діндердің өзара іс-қимылы, өзекті сын-қатерлерді талқылау және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін негізгі платформа ретінде көрсетті. Алдағы Съез халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудағы кезекті маңызды қадам болатынына сенімдіміз» Қайрат Омаров

Отырыс қорытындысы бойынша БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілін М. Моратиносты БҰҰ-ның Исламофобияға қарсы күрес жөніндегі Арнаулы өкілі лауазымына тағайындау, сондай-ақ БҰҰ-ның тиісті Іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс жарияланды.

2022 жылы Пәкістан мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының (76/254) қарары қабылданды. Құжат 15 наурызды Халықаралық исламофобиямен күрес күні деп жариялап, толеранттылықты ілгерілету және діни төзімсіздікке қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігерге шақырды. 2024 жылы БҰҰ БА-ның «Исламофобияға қарсы күрес жөніндегі шаралар» (78/264) қарары қабылданды. Оған сәйкес БҰҰ-ның Исламофобияға қарсы күрес жөніндегі Арнаулы өкілі лауазымы және тиісті Іс-қимыл жоспарын әзірлеу белгіленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -