Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік салық әкімшілігінің комиссары Ху Цинлинмен салықтық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестікті нығайтуды, оның ішінде салықтық ынтымақтастық шеңберінде – өзара байланыс жүйесін жақсартуды және салық салу саласында электрондық сауда саласында жәрдемдесуді жалғастыруда.
Қытай мен Қазақстан арасындағы электрондық сауданың әлеуеті зор. Логистиканы, трансшекаралық сауданы дамыту – елдеріміз арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі драйверлері болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 негізгі Қытай маркетплейсі тіркелді, олар Қазақстан бюджетіне 6 млрд. теңгеге жуық төледі.
Қазақстан Республикасында қытайлық маркетплейстердің салық түсімдерін уақтылы және толық орындауын қамтамасыз ету мақсатында екі салық қызметінің өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, келіссөздер барысында қазақстандық мұнайды Қытайға экспорттау кезінде трансферттік баға белгілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, «Қазақстан – Қытай» магистральдық мұнай құбыры арқылы шикі мұнайды тасымалдау кезінде баға белгілеудің ашықтығын арттыру және салық тәуекелдерін төмендету жөніндегі шаралар талқыланды.
Тасымалдау бойынша бастапқы құжаттаманы алу Қазақстанға салық тәуекелдерін объективті бағалауға және Қытай Халық Республикасында қолданылатын тарифтер мен баға параметрлерінің сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы салық ынтымақтастығын достық негізде құруды жалғастыратынына, ал қабылданған шешімдер жан-жақты өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.