Жапондық компанияларға Қазақстанның цифрландыру және энергетика саласына инвестиция салу ұсынылды

1870
Фотосурет: Gov

Жапон бизнесі Қазақстанға инвестиция салуға шақырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жапонияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жапон іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Министр Қазақстанда жапон компанияларының өнеркәсіп, цифрландыру, декарбонизация, көлік және логистика саласындағы жобаларын іске асыру барысымен танысты. Қазақстан экономикасына 8 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған Жапония еліміздегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді.

Ол сондай-ақ жапон компанияларын Қазақстандағы экономиканың жаңа секторларына инвестиция салуға шақыра отырып, қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған еліміздегі реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Marubeni» вице-президенті Акира Теракавамен кездесуде компанияның Қазақстандағы қызметі талқыланды, сондай-ақ компанияның ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвестициялар жөніндегі кеңестің мүшесі және Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы ретіндегі рөлін ескере отырып, экономиканың инвестициялық тартымдылығын жетілдіру жөнінде пікір алмасу өтті.

«Toyota Tsusho» компаниясының басқарма төрағасы Нобухико Муракамимен талқылау цифрлық инфрақұрылымды дамыту және энергия үнемдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру арқылы жапон капиталы мен инновациялық технологияларды тартуға бағытталды. Атап айтқанда, электр желілерін тұрақтандыру саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды енгізу үшін әлеуетті тауашалар сияқты перспективалық бағыттар қаралды.

«Komaihaltec Inc.» атқарушы директоры Эми Комаи «JCM» (Joint Crediting Mechanism) бірлескен кредиттік тетігі шеңберінде Қазақстанда жасыл энергетика саласындағы компания әзірлеп жатқан жобалар туралы хабардар етті. Компания өкілдері жақын арада жел генераторлары негізінде автономды электрмен жабдықтау жүйесін пысықтау және құру үшін Түркістан облысына барады.

«Nissin» компаниясының президенті Масахиро Цуцуимен Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКМ, Орта дәліз) арқылы Жапониядан Еуропаға жүктерді тасымалдау мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. М.Цуцуи Орта дәліз шеңберінде көлік-логистикалық қызметті жүзеге асыруға жоғары қызығушылық білдіріп, осы бағыт арқылы жүктерді тасымалдау кезеңін қысқартуды қамтамасыз ету үшін мүмкін болатын шешімдер туралы пікірімен бөлісті.

Іскер топтармен кездесулер барысында Қазақстанда инвестициялық қызметті жүзеге асыруда жапон бизнесіне қажетті көмек көрсетуге дайындық расталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -