Моңғолияның астанасында Қазақстанмен дін саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Буддистер орталығының Жоғарғы көшбасшысы, «Гандантэгчэлин» ғибадатханасының Хамба ламасы Дуламрагчаагийн Жавзандоржбен кездесті.
Кездесу барысында қазақ дипломаты екі ел арасында дін саласындағы жүйелі ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Конфессияаралық диалогқа қосқан белсенді үлесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін тұрақты өткізу туралы қазақстандық бастамаға ұдайы көрсетіп келген қолдауы үшін Моңғолия Буддистер орталығы мен «Гандантэгчэлин» ғибадатханасына алғыс білдіріп, Ғ. Қойшыбаев Хамба лама Д. Жавзандоржға биылғы жылы қыркүйекте өткізілуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VIII съезіне қатысуға шақыруды қамтыған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жолдауын табыс етті.
Өз кезегінде Д. Жавзандорж қазақ тарапының шақыруына алғыс айтып, аталған маңызды халықаралық іс-шараға жеке қатысуға қызығушылығын білдірді.
Сұхбат барысында тараптар сондай-ақ қазақстандық дипломатиялық өкілдік пен «Гандантэгчэлин» ғибадатханасы арасында бұдан кейінгі тығыз ықпалдастық жоспарларын, оның ішінде Моңғолияның түрлі діни мекемелерінің өкілдерін тартып бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіншіліктерін талқылады.