Қазақстан мен Өзбекстан ортақ болашақты құруда: стратегиялық тандем нығайып келеді

5500
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Хиуа қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырыста екі елдің мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері бас қосты.

Күн тәртібінде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жайы талқыланды. Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға бейілділігін растады.

ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек қатынастары жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, он жылдық Стратегиялық серіктестік пен одақтастық бағдарламасы бекітілді.

«Елдеріміз барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейіне жетті» Мұрат Нұртілеу

Сондай-ақ ол биік және жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі дамыту мен парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов екі ел басшыларының тікелей бастамасымен ынтымақтастықтың барлық деңгейде қарқынды кеңейіп жатқанын растады.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өзара тауар айналымын арттыру және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, құрылыс салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келісілген шараларды қабылдауға уағдаласты.

Қазіргі уақытта Қазақстан Өзбекстанның үш негізгі сауда серіктесінің қатарына кіреді, екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы 4 млрд АҚШ долларынан асады. Мемлекет басшыларының тапсырмаларына сәйкес 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар тараптар Термездегі «AIRITOM» арнайы экономикалық аймағында Қазақстан сауда павильонының ашылуын құптап, Ауғанстанмен сауда қатынастарын кеңейтудің перспективаларын атап өтті.

Өңіраралық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Тараптар көлік және логистика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық беріліп, оның Орталық Азия елдерінің Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропа нарықтарына шығуына ықпал ететіні аталып өтті. Жүк тасымалын ұлғайту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық расталды.

Су-энергетика саласындағы серіктестікті өзара мүдделер негізінде дамыту жоспарлары қарастырылды. Осы бағыттағы өзара іс-қимылдың табысты мысалы – Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы бойынша үшжақты жобаны ілгерілету.

Министрлер мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау қажеттігін атап өтті. Өткен жылы Астанада өзбек ақыны Әлішер Науаи ескерткіш қойылып, Ташкент күндері табысты өтті. Алматыда «Лазги. Жан мен махаббат биі» спектаклі мен көрнекті суретші Ұ.Тансықбаевтың көрмесі ұйымдастырылды.

Тараптар жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Оңтүстік Қазақстан университетінің Чирчик қаласындағы филиалы мен Алматыдағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының табысты жұмысы аталып өтті.

Туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, оның ішінде екі елдің мәдени мұрасын насихаттайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

ҚР және ӨР Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысында мемлекеттік органдардың сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, су және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылы жөнінде баяндамалары тыңдалды.

Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бір-бірінің бастамаларын өзара қолдауға дайындығын білдірді.

Министрлер Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытудың және тұрақтылық пен орнықты дамуға бірлескен күш-жігермен ықпал етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері, Халықаралық Аралды құтқару қоры және «ОА+» форматтарындағы ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігі айтылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР және ӨР Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысының хаттамасына қол қойылды.

Сапар аясында сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Хиуаның мәдени нысандары – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген тарихи орталығы Ишан-қалашығын және Хорезм ұлттық тұрғын үй құрылысының дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелейтін Нұролла бай сарайын аралады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 - 2025