Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах әс-Сисиге сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның салтанатты рәсімі аясында А. Жеңіс Мысыр басшысымен сұхбаттаса отырып, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар қазақ дипломаты екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейдегі дамуын атап өтті. Осы тұрғыда ол Мысырмен ынтымақтастықтың барлық салалардағы елеулі әлеуетін ескере отырып, серіктестікті одан әрі тереңдетудің оның осы лауазымдағы жұмысының ең маңызды бағыты екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Мысыр Президенті Қазақстан Елшісіне жаңа қызметінде табыс тілей отырып, Каир мен Астана арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және нығайтуға жоғары мүдделілігін растады.