Қазақстан мен БАӘ орталық банктері ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

3366
Фотосурет: Gov

Агенттік пен Ұлттық Банк БАӘ Орталық банкімен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында БАӘ Орталық банкінің Төрағасы Халед Мохамед Баламамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Агенттік, Қазақстан Ұлттық Банкі және БАӘ Орталық Банкі арасындағы үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екіжақты байланыстарды нығайтуға және қаржы нарықтарын дамыту, қаржылық технологиялар, цифрлық қаржы қызметтері мен исламдық банкинг саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Меморандумға қол қою сонымен қатар Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің 25-принципін іске асыруға, банктерге трансшекаралық қадағалаудың тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ банк секторы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстан нарығында Біріккен Араб Әмірліктерінің ADCB банкінің еншілес банкі – «ADCB» Ислам банкі» АҚ қызмет атқарады. БАӘ-де ADCB банк секторы бойынша актив көлемі жағынан 56 банктің ішінде 3-орында тұр және жоғары кредиттік рейтингке ие («S&P» агенттігінің «A» және «Fitch» агенттігінің «A+» рейтингі). 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ADCB активтері 177,7 млрд АҚШ долларын құрады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -