Қазақстандық сарапшы: АҚШ-тың тарифтік саясаты әлемдік рецессияға әкелуі мүмкін

1540
Фотосурет: AFP via Getty Images

Соңғы уақытта АҚШ енгізіп жатқан жаңа импорттық баж салықтары жаһандық экономика үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Асқар Қысықов мәлімдеді. Оның айтуынша, егер әлемдегі ірі экономикаларда өндіріс пен тұтыну төмендейтін болса, онда бұл жағдай шикізат экспорттайтын елдерге де ауыр соққы болып тиеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сабақ болмаған өткен тәжірибе

Асқар Қысықов еске салғандай, мұндай тарифтік саясат бұған дейін де қолданылған. Дональд Трамп АҚШ президенті болған тұста, әсіресе Қытайға қарсы жоғары тарифтер енгізілген еді. Бірақ сол кезде қойылған мақсаттар орындалмаған.

«Мақсат – Қытайдан және өзге елдерден импорттық тәуелділіктен арылу болатын. Алайда, бұл нәтижесін бермеді. Қазір сауда соғысының екінші толқыны басталды. Бұл жолы жағдай бұрынғыдан да күрделірек», — деді сарапшы.

АҚШ-тың өзіне де кері әсер етеді

Экономистің айтуынша, қазіргі таңда АҚШ экономикасы импортқа қатты тәуелді. Шикізат, бөлшектер, дайын тауарлар – барлығы шетелден келеді. Сондықтан баж салықтарының күрт өсуі ел ішіндегі көптеген өндірісті тиімсіз етіп, тұтыну тауарларының бағасын қымбаттатады.

«Бұл – ең алдымен АҚШ-тың өз халқына соққы. Бағаның өсуі халықтың нақты табысын азайтады. Кәсіпорындардың кейбірі жабылып қалуы мүмкін. Осылайша, ішкі нарықта экономикалық қиындықтар басталады», — деп түсіндіреді Қысықов.

Сыртқы нарықтардағы қауіп: Қазақстан не ұтады?

Экономист атап өткендей, егер ірі державаларда өндіріс пен тұтыну көлемі азайса, бұл бірінші кезекте шикізат экспорттаушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға әсер етеді.

«Мұнай, газ, металл секілді тауарларға сұраныс азайса – бұл біздің экспорттық табысымыздың қысқаруына алып келеді. Бюджетке түсетін кіріс төмендейді, ұлттық валютаның әлсіреу қаупі артады», — дейді ол.

Бұл жағдайда Қазақстан сияқты ресурстық экономикаға сүйенетін елдерге нарықты әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және сауда серіктестерінің аясын кеңейту маңызды болмақ.

Жаһандық экономикаға ортақ қауіп

Қысықовтың пікірінше, қазіргі тарифтік саясат бүкіл әлем үшін қауіпті. Егер елдер сауда қақтығыстарын тереңдете берсе, жаһандық рецессияның алдын алу қиынға соғады.

«Экономикалық дағдарыс ешкімді айналып өтпейді. Сондықтан әлем елдері бір-бірімен ашық диалог жүргізіп, көпжақты сауда қатынастарын нығайтуы керек», — деп түйіндеді сарапшы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -