Қазақстандық бітімгерлер Германияның тәжірибесін меңгеруде

4686
Фотосурет: Gov

Бітімгерлік операциялар орталығында ГФР әскери қызметшілерінің қатысуымен семинар өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік операциялар орталығында өткен халықаралық семинарда Қазақстан мен ГФР әскери қызметшілері көшбасшылық және азаматтық білім беру мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының оқытушылары, сондай-ақ оқу орталықтарының нұсқаушылары қатысты.

Қазақстандық әріптестері үшін подполковниктер Фридрих фон Бисмарк пен Андре Шредер «Көшбасшылық пен азаматтық білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мазмұны» және «ХХІ ғасырдағы көшбасшылыққа төнетін сын-қатерлер» тақырыптары бойынша дәріс оқыды.

Семинарға қатысушылар офицерлерді дайындаудың түрлі үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, қазіргі заманғы көшбасшылардың алдында тұрған сын-қатерлер, әскери мамандарды кәсіби және адамгершілік жағынан жетілдіру мәселелері талқыланды.

ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Рүстем Сүлейменов атап өткендей, әскери қызметшілердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту, олардың өз бетінше шешім қабылдау және азаматтық жауапкершілікті сезіну қабілеті бітімгерлік контингентті дайындауда үлкен маңызға ие.

Іс-шара бағдарламасына дәрістер, тренингтер, интерактивті сабақтар және пікірталастар кірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -