Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР-дың Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен (Министрдің орынбасары дәрежесінде) кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың екіжақты мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ ағымдағы жылы «Орталық Азия-Қытай» форматы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде өтетін жоғары және аса жоғары деңгейдегі іс-шараларды талқылады.
Жоғары және аса жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, парламентаралық және үкіметаралық өзара іс-қимылды жандандыру, энергетика, көлік және өңіраралық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.
Ш.Нұрышев барлық бағыттар бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары динамикасын және өткен айда Бейжіңде болған ҚР-ҚХР Ынтымақтастық комитеті қызметінің осы үдерістегі маңызды рөлін атап өтті. Қазақстандық дипломат қытай тарапын Қазақстан аумағында бірінші жартыжылдықта өтетін «Орталық Азия-Қытай» форматының сыртқы істер министрлерінің кездесуіне және Саммитіне дайындықтың барысымен таныстырды.
Елші бірінші жартыжылдықта «Орталық Азия-Қытай» форматын ілгерілетуге қосымша серпін беретін көлік, экономика және сауда, кеден, білім беру және инвестициялар саласындағы министрліктер мен ведомстволар басшылары деңгейінде іс-шаралар жоспарланғанын хабарлады.
Лю Бинь қытай тарапының «Орталық Азия-Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты көзқарасымен және ШЫҰ-дағы ҚХР төрағалығының барысымен бөлісті.
Сапарлар мен іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу мақсатында Елшіліктің және ҚХР СІМ-нің арасында тығыз байланыстарды қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.