Трамп жаңа тарифтер енгізді: жаһандық саудаға төнген қауіп

2376
Фотосурет: © РИА Новости

АҚШ президенті Дональд Трамптың Роза бақшасындағы мәлімдемесінен кейінгі жедел шолу.

Әзірге ресми құжаттар жарияланған жоқ, сондықтан жаңа тарифтердің нақты деңгейі төменірек болар деген үміт бар. Бірақ Трамптың сөзіне сүйенсек, ол шектен шықты. Бұл жерде тек күтпеген жоғары тарифтер жайлы емес. Ең бастысы — ол сауда серіктестері туралы жалған ақпарат таратып отыр. Мұны әдейі айтты ма, әлде білмегеннен бе — белгісіз. Бірақ кез келген жағдайда бұл мәлімдемелер басқа елдерді ашуландырып, Трамптың артқа шегіну мүмкіндігін жоққа шығарады.

Трамп шетелдік мемлекеттер АҚШ-тан келетін тауарларға жоғары баж салығын салады, ал өзі тек "айна" тәрізді жауап беріп отыр, әрі сол тарифтерді екі есеге төмен қойдым деп мәлімдеді. Ол көрсеткен кестеде:

paulkrugman.substack.com

Сол жақтағы бағанда басқа елдердің АҚШ өнімдеріне салық салу деңгейі көрсетілген екен-мыс. Бірақ бұл – мүлде шындыққа жанаспайды. Мысалы, Еуропалық одақ. ЕО-ның орташа тарифі – 3%-дан төмен. Бұл АҚШ-пен шамалас деңгейде.

Ал Трамптың кестесінде 39% деп көрсетілген. Бұл сан қайдан шыққанын түсіну қиын. Кейбіреулер Трамп қосылған құн салығын (ҚҚС) баж салығымен шатастырып отырған шығар деп болжайды. Бірақ ҚҚС – бұл ішкі салық, оны ЕО-да сататын барлық өндірушілер, соның ішінде АҚШ компаниялары да төлейді. Яғни, бұл салық шетелдік өнімге қарсы бағытталмаған, сондықтан оны протекционистік құрал деуге болмайды. Тіпті осындай шатастыру болса да, ЕО елдеріндегі ҚҚС орташа мөлшері 20%-дан аспайды. Ол арқылы 39% шығару мүмкін емес.

Мұндай сандарды кім есептеп берді екен дейсің. Әлде бұл енді Илон Масктың «Даннинг – Крюгер синдромымен» жүрген жас мамандарының жұмысы ма?

Бірақ бір нәрсе анық: Трамп бір рет жалған ақпарат айтса, оны ешқашан терістемейді. Мысалы, ол әлі күнге дейін "АҚШ Канадаға жылына 200 миллиард доллар субсидия береді" деп жүр. Ал шын мәнінде, ол Канададағы сауда профицитін қате түсініп отыр, әрі нақты санды үш есеге асырып жіберген. Бұл қателігіне қанша рет назар аударылғанымен, Трамп өз пікірін өзгертпейді. Сол сияқты Илон Маск та бірнеше миллион зейнеткер қайтыс болғаннан кейін де әлеуметтік төлем алып отыр деген даулы мәлімдемесін қайталап жүр.

Егер сіз Трамп райынан қайтады деп үміттенген болсаңыз, бүгінгі мәлімдемеден кейін бұл үміт сөніп қалған болар. Бұл жолы ол тек жоғары тарифтермен шектелмей, халықаралық сауда ережелері жайлы ашықтан-ашық жалған ақпарат таратып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -