2025 жылғы 15 сәуірде Будапештте (Венгрия) Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің кеден қызметтері басшыларының алғашқы бейресми кездесуі өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов басқарды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қатысушылар кедендік ынтымақтастықты дамыту, eTIR жүйесін енгізу және ТМҰ елдері арасында ақпарат алмасу бойынша техникалық шарттар жобасын келісу мәселелерін талқылады.
Венгрияның цифрландыру және кедендік реформалар саласындағы тәжірибесіне, сондай-ақ оның ТМҰ рөліне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР МКК мен Түркияның Кеден қызметі арасында алдын ала ақпарат алмасу бойынша техникалық шарттарға қол қойылды. Бұл тауарлардың қозғалысын жеделдетуге және шекарада бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кірістер комитеті ТМҰ кеден әкімшілігі басшыларының 11-ші отырысы 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Түркістан қаласында өтетінін хабарлайды.