Қаржылық инклюзия жөніндегі халықаралық ұйым қаржы секторының қызметкерлеріне оқыту жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қаржылық инклюзияны дамыту және қаржы өнімдеріне қолжетімділікті арттыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде Қаржылық қолжетімділік үшін альянс (AFI, Малайзия) Қазақстанның қаржы секторының мамандары үшін бірқатар тренингтер мен семинарлар өткізді.
Тренингтің басты мақсаты – қатысушыларға мүгедектігі бар адамдарды (МБА) қаржы жүйесіне интеграциялауға ықпал ететін практикалық бастамаларды ұсыну. Оқыту барысында реттеуші мен қаржы ұйымдары тап болатын әдіснамалық кедергілер, сол сияқты оларды әр түрлі жағдайларға бейімдей отырып, МБА үшін тиімді қаржылық саясатты әзірлеу мен енгізудің практикалық инновациялық тәсілдері де қарастырылды.
Сонымен бірге қатысушылар клиенттердің барлық санаттарының кредит қабілеттілігін бағалаудың балама әдістерін зерделеді және қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретінде олардың құқықтарын сақтау стратегиялары туралы түсінік алды. Негізгі тақырыптардың бірі МБА қорғау үшін алаяқтықтың алдын алу әдістері болды.
Іс-шара барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мүгедектігі бар адамдарды қаржылық инклюзиялау – реттеуші қызметіндегі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар 741 мыңнан астам адам тұрады, бұл ел халқының шамамен 3,65%-ын құрайды және бұл әлеуметтік маңызы бар топ қаржылық қызметтерге тең қол жеткізуді қажет етеді» Олжас Қизатов
Агенттік талаптарына сәйкес қазіргі уақытта банк бөлімшелерінің 80%-дан астамы МБА үшін ішінара немесе толығымен бейімделген, банктердің 19 веб-сайты мен мобильді қосымшалары сәйкес келтірілген. Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шеңберінде ипотекалық және кәсіпкерлік кредиттеудің бірқатар жеңілдікті бағдарламалары жұмыс істейді, сондай-ақ МБА үшін сақтандыру бойынша жеңілдіктер көзделген.
Агенттік банктердің «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қызмет көрсету жөніндегі қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар» ұлттық стандартын қолдану міндеттемесін, сондай-ақ МБА кредитін кемінде 3 ай мерзімге қайта құрылымдау жөніндегі талапты бекітетін заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады.
Тренингке Қазақстанның қаржы секторының 53 ұйымынан 200-ден астам маман қатысты.
Тренинг аясында Кедергісіз қаржыландыру бастамасының негізін қалаушы Поль Сюрро мүгедектігі бар адамдардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтарына, соның ішінде бүкіл әлем бойынша ресми қаржылық қызметтерге қол жеткізу мәселелеріне шолу жасады.
П.Сюрро МБА-ны қаржы жүйесіне экономикалық интеграциялаудың сәтті тәжірибесімен бөлісті. Өз өңірлеріндегі барынша жылдам дамыған экономикалардың өкілдері ретінде Бангладеш пен Кенияның орталық банктерінің спикерлері, сондай-ақ Пәкістан Мемлекеттік банкінің өкілі де осындай тәжірибелерімен бөлісті.
«Барлық топтардың жекелеген клиенттерінің қажеттіліктерін және кешенді қызмет көрсетудің барлық деңгейлерінде: цифрлық – мобильді қосымшаларда, физикалық – қаржы ұйымдары кеңселерінің қолжетімділігін, сондай-ақ клиенттерді қаржылық өнімдерді пайдалану дағдыларына қолдау көрсету және оқыту деңгейінде қарастыру өте маңызды. Осы бағыттардың кез келгенін елемеу ұйымның қаржылық инклюзия жөніндегі қызметінің тиімділігін айтарлықтай төмендетеді» Поль Сюрро
Өз кезегінде Пәкістан мемлекеттік Банкінің қызметкері Бушра Шафик инклюзивті өнімдерді енгізуге байланысты қаржы нарығы үшін сын-қатерлерді түсіну жеткіліксіз екенін, сондай-ақ бастапқыда мұндай сын-қатерлерге икемділік пен тұрақтылықты білдіретін қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Бұл қаржы ұйымдары өздерінің әлеуетті клиенттері МБА болуы мүмкін екенін түсініп, жағдайлар мен инфрақұрылымды алдын-ала бейімдеуі керек екендігін білдіреді.
Инклюзивті бағдарламаларды дамыту жөніндегі консультант Разак Адекойя мүгедектігі бар адамдардың кредит қабілеттілігін баламалы деректер мен әдіснамалар арқылы бағалауды жақсарту тәсілдері, сондай-ақ барлық платформалардағы цифрлық әмияндардағы транзакциялар, депозиттерді талдау, тіпті P2P аударымдары және Cash-out, яғни қолма-қол ақшаны алу сияқты дәстүрлі емес деректер көздерін пайдалану әдістері туралы айтты.
«Клиентті бағалаудың стандартты әдістерін қолдана алмаған кезде, біз кез келген қолда бар деректерге назар аударып, бағалау модельдерін барлық ықтимал факторларды талдауға бейімдеуіміз керек. Оның ішінде жасанды интеллект көмегімен» Разак Адекойя
Агенттік өкілдері де Қазақстандағы қаржылық инклюзия саласындағы заманауи бастамалар туралы айтып берді. Мәселен, МБА-ны қолдаудың маңызды элементі банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешек мәселесін шешу болды. 2015 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күні 1 120 мүгедек адамның 11,2 млрд теңгеден астам сомаға берешегі кешірілді. Аталған шаралар мүгедектігі бар адамдар үшін ипотекалық қарыздар бойынша борыш жүктемесін едәуір төмендетті.
«Біз AFI альянсына Агенттік қызметкерлерінен бастап қаржы секторының өкілдеріне, кәсіби қауымдастықтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қолжетімділікті арттыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелеріне дейін қатысушылардың кең ауқымын қамтитын осы тренингті өткізу мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз. Бұл қаржы секторының инклюзивті тәсілдерді ілгерілетуге және халықтың барлық топтарының қажеттіліктеріне бағдарланған практикаларды енгізуге мүдделілігінің жоғары деңгейін көрсетіп отыр» Олжас Қизатов