ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев бастаған қазақстандық делегация Әзербайжанда командос пен арнайы мақсаттағы әскери бөлімдерге барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің әскери бөлім аумағында орнатылған бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Генерал-майор Акиф Пирвердиев қазақстандық әскери қызметшілерге инфрақұрылым, тұрғын үй, спорт нысандары мен асхананы көрсетті.
Ол бұдан басқа әскери бөлімнің білім беру тарихы туралы және оның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жайлы хабардар етті.
Тараптар арнайы бөлімшелер мен екіжақты оқу-жаттығуларды дайындауға қатысты бірқатар мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Жабық атыс кешенінде қонақтарға Әзербайжанның Арнайы операциялар күштері жарақталған қарулардан атыс көрсетілді. Сол сияқты тапаншалар, пневматикалық қарулар және шағын калибрлі мылтықтар атысы да өтті.
Қазақстандық делегация таулы мұнара мен барлаушы соқпағындағы командостардың арнайы әрекеттеріне қызығушылық танытты.
Әзербайжан Республикасы Арнайы мақсаттағы күштерінің қолбасшысы генерал-майор Алекпер Джахангировпен кездесуде өзара мүдделі кең ауқымды мәселелерге қатысты пікір алмасылды.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр тамыз айында Алматы облысында "Алтын қыран-2024" екіжақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтіп, оған Әзербайжанның Арнайы мақсаттағы күштерінің 50-ден аса әскери қызметшісі қатысты. Қазақстандық десантшылармен бірге олар таулы жерлерде барлау міндеттерін орындады. Екі тараптың келісімі бойынша бірлескен оқу-жаттығу тәжірибесі жалғасатын болады.