Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шетелдік және озық тәжірибелерді тұрақты негізде зерделейді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы жұмыс шеңберінде басқа елдердің ведомстволарымен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 14-17 сәуір аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қадағалау басқарма басшысы Мазин бин Ибрагим Әл-Кахмус бастаған делегация Астанаға ресми сапармен келді.
Сапар аясында Агенттік басшылығымен екіжақты кездесу ұйымдастырылды, оның барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық қорғау практикасы саласында талқылау және тәжірибе алмасу өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Асхат Жұмағали шетелдік әріптестерін Қазақстанда қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың нәтижелерімен, оның ішінде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысуын, активтерді қайтару бойынша жұмыстармен, цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ қылмыстық-тергеу практикасын жетілдіру жұмыстарымен таныстырды.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзара түсіністік туралы ведомствоаралық меморандумға қол қойылды, ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін басты негіз болып табылады.
Сондай-ақ, сапар аясында қонақтарға қаржы, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі жұмысы таныстырылды.
Мемлекеттік органдармен кездесулер барысында «Smart Data Ukimet» жүйесі, мемлекеттік сатып алудың электрондық порталы, сондай-ақ «Цифрлық теңге» платформасы және «ақшаны бояу» бойынша іске асырылып жатқан жоба ұсынылды.
Сауд Арабиялық әріптестер Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, Әл-Кахмус мырза Астана қаласының әкімі Ж. Қасымбекпен, Бас прокурор Б. Асыловпен екіжақты кездесулер өткізді.
Сапар қорытындысы бойынша екі елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылары ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделілік білдірді.