Папа Франциск 88 жасында өмірден өтті

1408
Фотосурет: Michael Kappeler/DPA

Папа Римский Франциск 88 жасында Ватикандағы өзінің резиденциясында қайтыс болды. Бұл туралы Ватикан жаңалықтарының ресми Instagram парақшасы хабарлады.

«Пасха мерекесінен кейінгі дүйсенбі күні, 2025 жылғы 21 сәуірде, Папа Франциск Каса-Санта-Марта резиденциясында 88 жасында дүние салды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Папа Францисктің өмір жолы

Понтификтің шын есімі – Хорхе Марио Бергольо. Ол 1936 жылғы 17 желтоқсанда Аргентина астанасы Буэнос-Айресте дүниеге келген. Әкесі – Италиядан қоныс аударған теміржолшы болған. Алғашқы мамандығы — химия технигі. Кейінірек діни жолды таңдап, семинарияға түсті. Оқу жолын Чилиде жалғастырып, Сан-Мигель қаласындағы Әулие Жүсіп атындағы колледжде білім алды.

1969 жылы 13 желтоқсанда діни қызметке тағайындалды. Кейін Буэнос-Айрес архиепископы, Аргентина примасы, кардинал және теология ғылымының докторы дәрежесіне ие болды.

2013 жылы 13 наурызда Папа болып сайланды. Ол – Латын Америкасынан шыққан тұңғыш понтифик және Рим-католик шіркеуінің 266-шы басшысы болды.

Денсаулығына байланысты мәселелер

2025 жылдың ақпан айында Папа Франциск бронхитпен ауырып, Римдегі А. Джемелли атындағы ауруханаға жатқызылған еді. Кейін дәрігерлер оған екі жақты өкпе қабынуы диагнозын қойды. 20 ақпанда жағдайы сәл жақсарғаны туралы хабарланған болатын, алайда араға екі ай салып, Папа өмірден озды.

Бұған дейін Ватиканның бұрынғы мәдениет министрі, кардинал Джанфранко Равази понтификтің денсаулығына байланысты қызметінен бас тартуы мүмкін екенін айтқан еді.

Қазақстанмен байланыс

2024 жылдың басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканға ресми сапармен барып, Папа Францисктен аудиенция алған болатын. Сапар барысында Президент Ватикан мұражайларын аралап, Микеланджело фрескаларын тамашалап, Ватикан басшыларын Астанаға шақырды.

Папа Францисктің рухани мұрасы

Папа Франциск бүкіл әлемдегі католиктер үшін мейірімділік пен әділдікке үндеген рухани көшбасшы болды. Ол түрлі дін өкілдері арасындағы диалогты, әлеуметтік әділеттілікті және гуманизмді насихаттады. Оның понтификаты тарихтағы маңызды кезеңдерге – пандемия, жаһандық дағдарыстар мен қақтығыстарға тұспа-тұс келді. Бұл жағдайларда ол әрдайым бейбітшілік пен бірлікке шақырды.

Католик әлемі өз рухани көсемін жоқтап жатыр. Қоштасу рәсімі мен жерлеу туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -