Астана мен Бейжің қаржылық қылмыстарға қарсы күресте күш біріктіреді

1716
Фотосурет: @afm_rk

2025 жылғы 24-25 сәуір аралығында Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласына Ж. Элиманов бастаған Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің делегациясы іс-сапармен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында Агенттік өкілдері Қытай Халық Республикасының ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы ұлттық жүйесіне қатысушы бірқатар ведомстволармен кездесу өткізді.

Сапардың негізгі іс-шараларының бірі Қытай Халық банкінің Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бюросымен кездесу болды. 

Кездесу барысында делегация ҚХР-ның "ақшаны жылыстатуға қарсы" жүйесімен, FATF стандарттарына сәйкестік бойынша алдағы өзара бағалауға дайындық барысымен, сондай-ақ бенефициарлық меншік иелерін анықтау бойынша қытайлық әріптестердің қабылдап жатқан шараларымен танысты.

Кездесу кезінде Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша мониторинг және талдау орталығы жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану арқылы заңсыз кірістерді жылыстату схемаларын, соның ішінде заңсыз құмар ойындар мен қаржылық қылмыстарды анықтау тәжірибесін көрсетті.

Сапардың тағы бір маңызды бөлігі — Цифрлық валюта институтына бару болды. Онда цифрлық юаньды енгізу стратегиясы таныстырылып, цифрлық юань мен виртуалды активтерді пайдалану арқылы заңсыз кірістерді жылыстатуға қарсы бюроның тәжірибесі талқыланды.

Соңында делегация Мемлекеттік бақылау комиссиясы мен Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы тәсілдерімен танысты. 

Қытайдың сыбайлас жемқорлық және өзге де құқықбұзушылықтарды болдырмауға бағытталған «Аспан торы» және «Түлкіні аулау» операцияларының тәжірибесі қаралды.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтуда, сондай-ақ қаржылық мониторинг саласына жаңа технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасуда маңызды қадам болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -