ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил биыл 22-24 сәуір аралығында Вашингтонда (АҚШ) Халықаралық Валюта Қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банктің (ДБ) көктемгі кездесулеріне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстандық делегация құрамында болған Қаржы вице-министрі ХВҚ-да Қазақстаннан балама басшы ретінде ХВҚ Швейцарлық топтың жиналысына қатысып, сондай-ақ ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Лимен кездесті. Күн тәртібінде экономика және даму, әлемдік экономиканың қазіргі өзекті мәселелерін шешуге байланысты халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Ресми іс-шаралардың барысында Дәурен Маратұлы негізгі халықаралық қаржы институттары мен ірі инвестициялық компаниялардың басшылығымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Онда Қазақстандағы экономикалық әріптестікті дамыту мен реформаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ДБ-тың Еуропа мен Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен әріптестіктің 2026-2030 жылдарға арналған жаңа еларалық стратегиясын дайындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдағы 5 жылға арналған басымдықтары, сонымен бірге бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру жолдары пысықталды.
Бұған қоса Д.Кеңбеил Көпжақты инвестициялық кепілдік агенттігінің операциялар жөніндегі вице-президенті Джунаид Камал Ахмадпен және Халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық директоры Вебке Шломермен (ДБ тобына кіреді) келіссөздер жүргізді.
Тараптар өзара тиімді қарым-қатынасты кеңейтуге әрі жобаларды белсенді іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді.
Ал ДБ Қазынашылықтың капитал нарықтары және инвестициялар жөніндегі директоры Джордж Ричардсонмен өткен кездесуде займ алу құнын төмендетудің, ДБ-тің қаржы құралдарын, оның ішінде ұлттық валютада қаржыландырудың өзекті мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек JP Morgan, Morgan Stanley, Fidelity Investment, Artisan Partners және Schofield Group өкілдерімен болған кездесулерде қаржы нарықтарының халықаралық ахуалы жайлы айтылды.
S&P және Fitch жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктерінің өкілдерімен келіссөздер шеңберінде тараптар макроэкономикалық ахуал мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, халықаралық қаржы нарықтарында қалыптасқан жағдай бойынша пікір алысты.