Мысыр Қазақстанның конфессияаралық диалог саласындағы бастамаларын қолдайтынын растады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті.
Кездесу барысында ү.ж. 19 ақпанда Бахрейн астанасы Манамада халықаралық конференция аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIIІ Съезіне шақыру хаты табысталғаны аталып өтті.
Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Қазақстан басшысының «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында өтетін Съезге шақыруын зор қошеметпен қабыл алғандығын мәлім етті. Еліміздің жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету және нығайту бағытындағы маңызды рөліне назар аударды. Сондай-ақ теологиялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екенін жеткізді.
А. Жеңіс Қазақстанда ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі саналатын және әртүрлі діндер өкілдерінің өзара түсіністігі мен бір-біріне төзімділікпен қарауды дәріптейтін Әл-Азһар университетіне үлкен құрметпен қарайтынын айтты. Сондай-ақ Жоғарғы имамға конфессияаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің идеяларын қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар VIIІ Съезге шейх А. ат-Тайеб бастаған мысырлық делегацияның сапарын ұйымдастырудың протоколдық шараларын бірлесіп атқаруға келісті.