Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен стратегиялық басымдықтары таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Нью-Йорктің іскерлік орталығында «Қазақстан – АҚШ: Инвестициялық мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, ҚР АҚШ-тағы Елшілігі және Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығымен бірлесе отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Citigroup» компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға АҚШ-тың ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, бизнес қауымдастығының және Нью-Йорк қаласы мэриясының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегация құрамында Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшылығы болды.
Кездесу барысында тікелей және портфельдік инвестицияларды кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
Қазақтандық тарап елдің макроэкономикалық шолуын ұсынып, қаржы нарықтарын дамытудағы негізгі реформаларды, іскерлік ахуалды жақсарту шараларын және америкалық серіктестер үшін энергетика, пайдалы қазбалар, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.
Инвестициялық саясатқа ерекше назар аударылып, ашық экономика қағидаттарына бейілділік, банк секторын реттеуді ырықтандыру және капитал нарығын дамыту бағытындағы шаралар аталып өтті.
Америкалық серіктестер Қазақстанның Орталық Азия нарығына шығу үшін стратегиялық хаб ретіндегі артып келе жатқан рөлін және жаһандық жеткізу тізбектерінің әртараптануы аясындағы сенімді серіктес ретіндегі әлеуетін ерекше атап өтті.
Қатысушылар Қазақстанның тұрақты макроэкономикалық саясатына, қаржы секторындағы белсенді реформаларға және елдің өңірлік және жаһандық экономикадағы өсіп келе жатқан рөліне жоғары баға берді.
Іс-шара аясында қазақстандық және америкалық компаниялар арасында екіжақты кездесулер өтіп, жаңа жобалар мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.
«Қазақстан – АҚШ: Инвестициялық мүмкіндіктер» дөңгелек үстелі Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге арналған «Kazakhstan Finance Day» сериясының аясында ұйымдастырылған. Алаң екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.