Эфиопияда Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына құрмет көрсетілді

1155
Фотосурет: Gov

Эфиопияда Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Эфиопиядағы Қазақстан Елшілігінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған маңызды датаға арналған тақырыптық семинар өтті. Іс-шараға Эфиопия Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ, қоғамдық және сараптамалық топтар, соның ішінде Эфиопия патриоттары қауымдастығының Президенті Дэниел Джоте Месфин және «Young Lives Ethiopia» директоры Стивен Алула Панкхарст қатысты.

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ Жеңіске қосқан зор үлесі туралы айтып берді. Ол соғыс майдандарында шайқасқан жүз мыңдаған қазақстандықтың ерлігі мен батырлығын, сондай-ақ тылда Жеңісті соққандардың қажырлы еңбегін атап өтті. Бүгінгі таңда жаңа геосаяси сын-қатерлер жағдайында Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының жалпыға танылған қағидаттары мен халықаралық құқық нормалары, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін құрметтеу негізінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау және нығайту ерекше маңызды екені айтылды.

Елші сондай-ақ семинарға қатысушыларды Қазақстан Республикасында ағымдағы жылы аталып өтетін бірқатар маңызды мерейтойлық даталармен, атап айтқанда, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы туралы хабардар етті. Бұл көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау тарихи шындықты сақтаудың және қазақстандық жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды бөлігі екені аталып өтті.

Эфиопия патриоттары қауымдастығының Президенті Д. Месфин Эфиопия фашизм мен отаршылдыққа қарсы күрестің тарихында ерекше орын алатынын атап өтті. 1935-1941 жылдары Итало-Эфиопия соғысы отаршылдардың агрессивті амбицияларымен болған алғашқы және қайғылы қақтығыстардың біріне айналып, тәуелсіз халықтарды құлдыққа салу идеясының өзіне қарсы шықты. Эфиопия халқының өз бостандығы мен аумақтық тұтастығын қорғаудағы қажымас қайсарлығы мен ерлігі бүкіл әлемдегі отарлық езгінің жоспарларына қарсы тұрудың жарқын үлгісі мен шабыттандыратын символы болды. Өз елінің бостандығы үшін қаза тапқандарды еске алу үшін Эфиопияда жыл сайын 5 мамыр Патриоттар күні ретінде аталып өтеді.

А. Панкхарст Марокко, Тунис, Мысыр, Сенегал, Конго, Кения, Руанда және Африканың көптеген елдерінен бір миллионнан астам африкалық отарлық державалардың армиясында қызмет етіп, Африка, Еуропа, Таяу Шығыс, Үндістан, Бирма және Тынық мұхиты аралдарындағы шайқас алаңдарында ерлік пен төзімділік көрсеткенін атап өтті. Африка елдерінің қаһармандық күресі адамзатты фашистік індеттен азат етудің ортақ ісіне баға жетпес үлес қосып, отарлық жүйенің алдағы күйреуінің жаршысы болды.

Семинар аясында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизан отрядтарымен шайқастар туралы, қазақ ғалымы, жазушысы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің жауынгерлік жолының нақты тарихын баяндайтын «1941 жылдың жазы» атты қазақ көркем фильмі көрсетілді. Жүрек тебірентерлік оқиға көрермендерде терең эмоционалдық жауап тудырып, Кеңес Одағы халықтарының Жеңіс үшін төлеген құны туралы еске салды.

Сондай-ақ семинар аясында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске Қазақстанның, Эфиопияның және Африка елдерінің қосқан үлесін көрсететін фотокөрме ұйымдастырылды. Экспозиция одақтастар мен Гитлерге қарсы коалиция елдерінің ортақ жеңіске жетудегі рөлін көрсететін мұрағаттық фотоматериалдарды, құжаттар мен айғақтарды біріктірді.

Семинар жылы және достық атмосферада өтіп, түрлі елдердің өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен мәдени алмасуды нығайтуға ықпал етті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -