Қазақстан мен Грекия мультимодальды логистикалық қызметтерді дамытпақ

1518
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Грекия көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Афинадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның көлік саласы өкілдерінен тұратын делегация Грек Республикасына сапар жасады.

Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты, «Қазмортрансфлот» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ, «Kaspi Grain Way» ЖШС, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері кірді.

Сапар 2024 жылдың 13 қарашасында Бакуде өткен COP-29 халықаралық конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грек Республикасының Премьер-министрі Кириакос Мицотакистің кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды. Тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде тиімді бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды жандандыруға мүдделілік білдірді.

Сапардың басты тақырыбы – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің («Орта дәліз») әлеуетін пайдалану және оны Грекияның көлік-порттық инфрақұрылымымен ұштастыру, сондай-ақ, кадрларды бірлесіп даярлау мәселелері болды. Грек кәсіпорындар федерациясымен (SEV) бірлесіп ұйымдастырылған Дөңгелек үстелде қазақстандық тарап Каспий теңізіндегі порттарды жаңғыртудың перспективалық жобаларын, шетелдік инвестиция тартудың шарттары мен механизмдерін таныстырды. Грек серіктестері мультимодальды логистикалық сервистерді бірлесіп құруға қызығушылық танытты.

Делегация «Growthfund PPF» (Грекияның Ұлттық инвестициялық қоры) басшылығымен, сондай-ақ 280-нен астам кемеден тұратын флотқа ие жетекші «Navios Maritime Holdings» пен «Tsakos Group» компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді. Сонымен қатар делегация Грекияның ең ірі Пирей портына барып, «Skaramangas» және «Elefsis» (ONEX Group) кеме жасау кәсіпорындарының өндірістік қуатымен, сондай-ақ мұнай төгінділерін тазалау және қалдықтарды өңдеу бойынша озық «POLYECO» компаниясының қызметімен танысты.

Грек Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Димитрис Скалкос пен салалық министрліктердің өкілдерімен келіссөздерге ерекше көңіл бөлінді. Тараптар «Каспий – Қара теңіз – Жерорта теңізі» маршрутын еуропалық көлік желілеріне, оның ішінде «Global Gateway» бастамасы аясында, кіріктіру және институционалдық деңгейдегі сараптамалық сұхбатты тереңдету перспективаларын талқылады. Димитрис Скалкос «Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуы Грекия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік ашып, Балқан өңірімен жаңа көлік тізбектерін байланыстыруға жол ашады» деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Қазақстан мен Грекия өз өңірлеріндегі маңызды көлік-логистикалық хабтар бола отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін кең мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.

Сапар қорытындысында салалық ведомстволар мен екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстар орнатылып, институционалдық өзара іс-қимылды нығайтуда елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді.

Бұл көлік, логистика және жасыл технологиялар салаларындағы Қазақстан-Грекия ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ алдағы жоғарғы деңгейдегі байланыстарға дайындыққа берік негіз қалайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -