Қазақстан Әсир аймағында инвестициялық әлеуетін таныстырды

1342
Фотосурет: Gov

Қазақстан өңірлері мен Сауд Арабиясының Асир провинциясы ынтымақтастықты кеңейтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Абха қаласына жұмыс сапары аясында Асир провинциясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Асир провинциясының губернаторы, ханзада Турки бен Талал бен Абдельазиз Әл Саудпен, өңірлік Дамыту басқармасының атқарушы директоры Хашем Әл Даббахпен, сондай-ақ өңірлік Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Махди Әл Хадбанмен кездесті.

Келіссөздер барысында қазақ дипломаты еліміздің инвестиция және туризм салаларындағы кең мүмкіндіктері туралы айтып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және бизнесті дамытуға бағытталған елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде ақпарат берді.

Өз кезегінде ханзада Турки бен Талал Елшімен екі ел арасындағы тарихи байланыстарды талқылай келе, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, әсіресе сауда, инвестиция және туризм салаларында өз қызығушылығын білдірді. Сонымен қатар ол қазақ дипломатын биыл 27 мамырда өтетін өңірлік Инвестициялық форумның ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды.

Хашем Әл Даббах Асир провинциясының дамыту стратегиясымен таныстырып, өңірлік жоспарлау және тұрақты даму саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Махди Әл Хадбан Қазақстан мен өңір кәсіпкерлері арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға сауда-өнеркәсіп палатасының белсенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Бұдан бөлек, Елші Король Халид атындағы университетті аралап, университет Президенті Фалех Әл Суламимен кездесті. Айта кететін жайт, бұған дейін аталған университет пен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан өңірлері мен Асир провинциясы арасындағы, әсіресе өңіраралық өзара іс-қимыл шеңберінде ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді. Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту мақсатында өзара сапарлар мен B2B форматындағы кездесулерді ұйымдастыру арқылы іскерлік байланысты жандандыруға уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -