Қазақстанда бірегей халықаралық жоба басталды

1705
Фотосурет: Роман Либерчук

Қазақстанда Смитсон орталығының қолдауымен Қазақстанның мәдени мұра қоры және қолөнерді қолдау бастамасы іске қосылуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Смитсон институтының Халықтық және мәдени мұра орталығы (Вашингтон, АҚШ) мамандары 2025 жылғы мамыр айында жергілікті қолөнершілермен тынысу, тәжірибе алмасу және үш жылдық ынтымақтастық орнату жоспарын құру мақсатында Қазақстанға келген. Зерттеу сапары қолөнерді қолдау және Қазақстанның мәдени мұра қорын құру бастамасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама дәстүрлі қолөнерді зерттеуге, құжатқа түсіруге және оның танымалдылығын арттыруға бағытталған. Жоба «Шеврон» компаниясы мен Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінің қолдауымен іске асырылады.

Фото: Роман Либерчук

«Мәдениет саласындағы атқарылатын жұмыстар біршама уақытты талап етеді, осыған орай, «Шеврон» компаниясының осы бағыттағы ұзақ мерзімді инвестициясы біздің командаға айтарлықтай жұмыстар атқаруына септігін тигізеді, берік ынтымақтастық орнатуға және бүкіл Смитсон институты бойынша мамандардың Қазақстандағы әріптестерімен тәжірибе алмасуға қатыстыруға мүмкіндік береді”, – дейді Смитсон орталығының арнайы жобалар жөніндегі директоры Холли Батвин.

Фото: Роман Либерчук

Жобаның жергілікті серіктесі Қазақстанның қолөнершілер орталығы болып табылады. Бұл орталық Қазақстан жастарын қолөнер жұмысына көптеп тартуға, қолөнер кәсіпорындарының білімін, дағдыларын және табысын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан қолөнершілері мен басқа елдер арасындағы байланысты нығайтуға белсене араласады. Екі ұйымның өкілдері Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларындағы қолөнер шеберханаларына барып, әлеуетті серіктестермен кездесті, шаралар ұйымдастырды және жастарды қолөнер қоғамдастығына қатыстыру туралы панельдік талқылаулар жүргізді.

Фото: Роман Либерчук

“Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай айтқандай: “Өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол”, – дейді Қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова. — Сондықтан да бойында мәдени коды бар бірегей дарынды адамдарды қолдау өте маңызды. Біздің Смитсон институтының Халықтық және мәдени мұра орталығымен және «Шеврон» компаниясымен ынтымақтастығымыз жобаларымызды ең жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жастар үздіктерге қарап бой түзесін!”

Фото: Роман Либерчук

Смитсон орталығы сарапшылары зерттеу сапарында таңдап алған қазақстандық қолөнершілер Санта-Федегі (Нью-Мексико штаты) Халықаралық халық өнері жәрмеңкесіне және Алматының туыстас қаласы – Тусон (Аризона штаты) қаласына оқыту сапарына қатысады. Сапар аясында қолөнер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі шеберлік сабақтары өтеді. Қыркүйек айында Тусон қаласының қолөнершілері Алматыға Қолөнер фестиваліне барады.

Фото: Роман Либерчук

Қазақстанның бай дәстүрі мен қолөнер әдістері елдің қазіргі мәдениетінің бір бөлігі болып табылады. ЮНЕСКО Әлемдік мұрасы тізімінде Қазақстанның 6 нысаны бар, сонымен қатар Қазақстан Ұлы жібек жолының маңызды бір бөлігі болған және өзінің көшпенділік түп-тамырын әлі үзбеген. Кең байтақ жері және әртүрлі климаты киіз басу, кесте тігу, зергерлік, ағаш ою сияқты  көптеген мәдени мұраның қалыптасуына септігін тигізген. Қазақстанның қолөнершілері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнерді одан әрі дамытып келеді.

«Шеврон» компаниясы Смитсон институтының Халықтық және мәдени мұра орталығымен бірлесіп, жақында құрылған Қазақстанның мәдени мұра қорына қолдау көрсеткеніне үлкен абырой тұтады», – деп мәлімдеді «Шевронның» Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс. - Қазақстанның өркениеттердің тоғысқан жерінде орналасуы және көшпенді өмір салтын ұстануы әсерінен қалыптасқан бай мәдени мұрасы бар. Бұл қолөнер мен музыкадан бастап әдебиет пен халық дәстүріне дейінгі қазақ мәдениетінің көптеген салаларында көрініс табады. Қор елдің бай мәдениеті мен тарихын сақтап қалуға және халықаралық ынтымақтастық пен шығармашылықты дамытуға көмектеседі.

Жобаның тигізген әсерін бағалау Қазақстандағы Орталықтың одан әрі қарайғы жұмысын қалыптастыруға көмектеседі және дәстүрді, инновацияны және мәдени алмасуды қолдайтын Қазақстанның Мәдени мұра қорын дамытуға бағыт-бағдар береді.

Фото: Роман Либерчук

Қазақстан қолөнершілері одағы – 2012 жылы «Our Heritage» қорының, Шеврон, ЮНЕСКО, Еуразия одағы және ҚР Мәдениет министрлігі қолдауымен құрылған қоғамдық ұйым. Одақ әртүрлі қолөнер түрлері бойынша жүздеген тренинг өткізді, қолөнерді қалпына келтіріп, дамытады, Қазақстанның мұрасын кеңінен танытады және 12-ші рет «Шебер» республикалық байқауын өткізіп жатыр. Қазіргі таңда Одақтың 8 аймақтағы 150 қолөнершінің басын біріктіретін өкілдіктері бар және жалпы ел ішінде қамтылған шеберлердің саны 650-ді құрайды.

«Шеврон» – дүниежүзіндегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Біз адамзаттың ілгері дамуы үшін қолжетімді, сенімді әрі таза қуат көзі қажет деп санаймыз. «Шеврон» мұнай мен табиғи газ шығарады, жанар-жағармай және мұнай-химия өндірумен айналысады, бизнес пен өнеркәсіпті жетілдіретін технологияларды дамытады. Біздің мақсатымыз жаңғырмалы отын, көміртекті ұстап қалу мен оффсетті пайдалану, сутек өндірісі, ақпаратты өңдеу орталықтары үшін және жаңа технологияларды жетілдіру үшін қуат көзін өндіруде мұнай және газ саласындағы бизнесімізді өркендету, қызметіміздегі көміртек шығарындыларын азайту және жаңа бизнес бағыттарын дамыту болып табылады. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -