Орталық Азияда цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту: Қазақстан мен ХЭО ынтымақтастығы талқыланды

1364
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Халықаралық электрбайланыс одағымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Халықаралық электрбайланыс одағының (ХЭО) Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ХЭО арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылады. Қ. Төребаев Қазақстан 1993 жылы ХЭО-ға мүше болған сәттен бастап ұйымның телекоммуникациялар, радиобайланыс және даму сияқты үш секторының жұмысына белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан ХЭО ұйымдастыратын Дүниежүзілік телекоммуникацияны дамыту конференциясы (WTDC), Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясы (WRC) және Дүниежүзілік телекоммуникацияны стандарттау ассамблеясы (WTSA) сияқты жаһандық және өңірлік конференцияларға тұрақты қатысады.

Кездесуде Қазақстанның жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «KazSat» ұлттық геостационарлық спутниктік жүйесі ХЭО шеңберінде тіркеліп, үйлестірілген. Сонымен қатар 2023 жылы 5G жиіліктерін лицензиялау бойынша табысты өткізілген тендер нәтижесінде шамамен 330 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс түсіп, елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосылды.

ҚР Тұрақты өкілі Қазақстанның «GovStack» бастамасына бейілділігін атап өтті. Осы бастама аясында 2023 жылғы қарашада ХЭО-мен бірлескен декларацияға қол қойылды. 2024 жылғы тамызда ХЭО, Еуразиялық даму банкі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ арасында 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі үшжақты гранттық келісім жасалды. Жоба Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында цифрлық мемлекеттік қызметтерді стандарттау және үздік тәжірибелермен алмасу мақсатында өңірлік платформа құруды көздейді.

ХЭО Бас хатшысы Қазақстандағы цифрландыру деңгейіне жоғары баға беріп, елдің тек өңір үшін ғана емес, көптеген дамыған мемлекеттер үшін де үлгі бола алатынын атап өтті. Осыған орай ол Қазақстан тәжірибесін ХЭО алаңында, соның ішінде 2025 жылғы 7-11 шілде аралығында Женевада өтетін WSIS+20 жоғары деңгейдегі форумында ілгерілету мүмкіндігін ұсынды.

Кездесу соңында қазақ тарапы Бас хатшыны 2025 жылғы 2-4 қазанда Астанада өтетін «Generative Nation» ұранымен ұйымдастырылатын «Digital Bridge» форумына қатысуға шақырды. Сонымен қатар Қазақстан алдағы уақытта ХЭО-ның өңірлік іс-шаралары мен техникалық тренингтерін өткізуге мүдделі екенін растады. Тараптар цифрлық трансформация, жиіліктерді үйлестіру және АКТ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -