Қазақстан ШЫҰ мен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың бес басым бағытын ұсынды

1199
Фотосурет: Gov

ШЫҰ мен АСЕАН-ға мүше мемлекеттердің елшілері бірлескен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың бастамасымен Қытай Халық Республикасында аккредиттелген ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) елшілерінің бірлескен кездесуі өтті.

Бас хатшы дипломаттарға ШЫҰ-ның өзекті күн тәртібі туралы, оның ішінде 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысының қорытындылары туралы, сондай-ақ 2025 жылғы қыркүйекте Тяньцзинде өтетін ШЫҰ Саммитіне дайындық туралы ақпаратпен бөлісті.

Кездесу барысында ҚХР-дың ШЫҰ істері жөніндегі ұлттық үйлестірушісінің м.а. Фан Сяньжун және екі ұйымға мүше мемлекеттердің елшілері өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары туралы пікір алмасты.

Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық өзара байланысты қамтамасыз етуге ықпал ететін платформа ретінде ШЫҰ мен АСЕАН арасындағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан 2010 жылы ШЫҰ Ұлттық үйлестірушілері мен АСЕАН бейіндік кеңестерінің бірлескен кездесуін өткізу туралы бастама көтергенін еске салды.

Қазақ дипломаты ШЫҰ мен АСЕАН арасындағы экономикалық өзара іс қимылдың бес негізгі бағытына назар аударды:

  • нарықтардың кеңеюі және өзара сауданың өсуі,
  • көлік инфрақұрылымын дамыту,
  • инвестициялар тарту және технологиялық алмасу,
  • табиғи ресурстарға қол жеткізу және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету,
  • басқа да әлеуеті бар салаларды бірлесіп дамыту.

Ш.Нұрышев практикалық нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, екі ұйымға мүше мемлекеттердің елшілері арасындағы кездесулер алда да тұрақты түрде өтетініне үміт білдірді.

ШЫҰ мен АСЕАН хатшылықтары арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум 2005 жылғы 21 сәуірде Джакарта қаласында қабылданды. Бұл құжатта терроризмге, есірткі мен қару контрабандасына, ақшаны жылыстатуға, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ экономика мен қаржы, энергетика, туризм, қоршаған орта және әлеуметтік даму сияқты ынтымақтастық салалары басым бағыттар ретінде айқындалған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -