2024 жылдың 23 мамырында Қытайдың батысындағы ең ірі мегаполистердің бірі — Чунцин қаласында Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы өтті. Шараны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырып, Қытай халықаралық сауданы дамыту жөніндегі кеңесінің Чунцин комитетімен (CCPIT Chongqing) бірлесіп жүзеге асырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Қытай, Таиланд, Лаос, Вьетнам және Қазақстан елдерінің 170-тен астам өкілі қатысты. Миссияның негізгі бөлігі — қазақстандық азық-түлік өндірушілер мен Қытай және Оңтүстік -Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығына мүше елдерінің кәсіпкерлері арасындағы екіжақты B2B-кездесулер болды. Бұл кездесулер барысында 28 қазақстандық компания өз өнімдерін шетелдік серіктестерге ұсынды.
«Біз Чунцин қаласын маңызды сауда серіктесі ретінде көреміз. Халқының саны 32 миллионнан асады, ЖІӨ $430 миллиардтан жоғары, цифрлық индустриясы, автомобиль жасау, электроника, химия және тамақ өнеркәсібі дамыған Қытайдың жетекші өндірістік орталығы болып табылады. Сонымен қатар, бұл қала алғаш рет Астанада таныстырылған «Бір белдеу — бір жол» бастамасының негізгі тораптарының бірі. Қазақстан осы бастаманы алғашқы күннен бастап қолдап келеді және оны ілгерілетуге белсенді қатысуда» ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев
Министр сондай-ақ Чунцин арқылы Еуропаға бағытталған басты теміржол маршруттарының (Чунцин–Дуйсбург, Чунцин–Мәскеу) өтетінін және олардың 80%-дан астамы Қазақстан арқылы транзитпен жүретінін айтып, бірлескен логистикалық хаб құрудың зор әлеуетіне назар аударды.
«Біз Чунцин компанияларын Қазақстанда бірлескен өндіріс орындарын, логистикалық орталықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға шақырамыз. Бұл өндірістерден өнімдер Еуропаға, Ресейге, Иранға және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. Бүгін біздің бизнес-делегация құрамында Чунцин нарығына шығуға дайын ондаған қазақстандық экспорттаушылар бар» Арман Шаққалиев
Миссия аясында қазақстандық кәсіпкерлер Чунцин қаласының ірі кәсіпорындары мен экономикалық алаңдарын аралады. Олардың қатарында Chongqing Zhou Junji Hot Pot Food Co., Ltd., Chongqing Foreign Trade and Economic Cooperation Group (CFTEC), Quality Chinese Product Trade Center (QCPTC) және Chongqing Bonded Port Area Group бар. Бұл сапарлар Қытай нарығына табысты шығу үшін қажетті сақтау, дистрибуция, логистика және тауарларды сертификаттау мүмкіндіктерімен танысуға жол ашты.
Миссия барысында екі маңызды келісімге қол қойылды. «QazTrade» пен Чунцин қаласындағы халықаралық сауданы дамыту комитеті арасындағы және «QazTrade» пен Чунциндегі үлкен логистикалық орталықтың басқарушы компаниясы арасындағы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданы дамытуға көмектеседі және қазақстандық өнімдердің Қытайдың оңтүстік-батысындағы ірі қойма және жеткізу орталықтарына шығуына мүмкіндік береді.
Чунциндегі сауда-экономикалық миссия Қазақстан мен Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы сауда қатынастарын нығайтудың маңызды қадамына айналып, қазақстандық өндірушілер үшін халықаралық нарықтарда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.