Швецияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің (SIDA) штаб-пәтерінде Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов пен «SIDA» Бас директоры Якоб Граниттің кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар Қазақстан мен Швеция арасындағы ресми даму көмегі (РДК) саласындағы ынтымақтастықты нығайту әлеуетін және Орталық Азия мен оның шегінен тыс жерлерде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында О. Сүлейменов «SIDA»-ның тұрақты дамуға қол жеткізу, гуманитарлық көмек көрсету және өңірлік ынтымақтастықты қолдау жөніндегі жаһандық күш-жігердегі маңызды рөлін атап өтті. Қазақстанда РДК жүйесінің белсенді дамуын ескере отырып, «SIDA» мен Қазақстанның халықаралық даму агенттігі (KazAID) арасында серіктестік орнатуға қызығушылық білдірілді.
Кездесу аясында екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланды. Қазақ дипломаты сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның «SIDA»-мен жүйелі және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Орталық Азия өңірі үшін бұл тақырыптың өзектілігін ескере отырып, су ресурстарын орнықты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын жұмыс деңгейінде талқылауды жалғастыруға келісті.
«SIDA» (Swedish International Development Cooperation Agency) – Швецияның халықаралық көмегін басқару және үйлестіру үшін жауапты мемлекеттік агенттігі. Агенттік Швеция Сыртқы істер министрлігінің жетекшілігімен жұмыс істейді және кедейлікті азайтуға, адам құқықтарын қорғауға, демократиялық дамуға және дамушы елдердегі орнықты дамуға бағытталған жобалармен айналысады. «SIDA» әлемнің 35-тен астам елінде, әсіресе Африка, Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа аймақтарында жұмыс істейді.
«KazAID» – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанынан 2020 жылы құрылған, Орталық Азия елдерінде жобаларды жүзеге асыратын және KOICA (Оңтүстік Корея), JICA (Жапония), TIKA (Түркия), AFD (Франция) және басқа да халықаралық агенттіктермен ынтымақтастық жасайтын агенттік. Агенттік 2015 жылдан бастап Қазақстан шақырылған қатысушы мәртебесіне ие болған ЭЫДҰ-ның Дамуға жәрдемдесу комитетімен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасайды.