Қазастан ВАОЭЖ сессиясында ветеринариялық қауіпсіздік бойынша бастамаларды ұсынды

3014
Фотосурет: Gov

Қазақстан ДЖДСҰ Делегаттар Ассамблеясының 92-ші Бас сессиясына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Париж қаласында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (ДЖДСҰ) Делегаттар Ассамблеясының 92-ші Бас сессиясы өз жұмысын бастады. Іс-шараға 183 елдің өкілдері қатысуда.

Іс-шара аясында Делегаттар Ассамблеясының Президенті доктор Сусана Помбо мен ДЖДСҰ Бас директоры Эммануэль Субейран ұйымға мүше елдердің министрлері мен вице-министрлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин министр Айдарбек Сапаровтың атынан Эммануэль Субейранды ДЖДСҰ Бас директоры лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оның басшылығымен Ұйым жаһандық жануарлар денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды рөлін жалғастыратынына сенім білдірді.

Өз сөзінде вице-министр Қазақстанның аусылдан азат ел мәртебесін қалпына келтіру бағытында қолға алынып жатқан шараларға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, серомониторингті түзету, жануарларды тасымалдауға бақылауды күшейту және ветеринарлық мамандарды оқыту бастамалары айтылды. Сонымен қатар, Қазақстан зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ветеринарлық бақылаудың ашықтығын арттыруға және фермерлерді ақпараттандыруға басымдық беріп отырғаны атап өтілді.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан бірқатар өңірлер бойынша аусылдан азат ресми мәртебе алу үшін құжаттар топтамасын тапсыруды жоспарлап отыр.

Өткен кездесу ДЖДСҰ мен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық серіктестікті тағы бір мәрте растады және тараптардың ветеринария мен биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендігін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -