Стамбулдағы этноспорт фестивалінде қазақ дәстүрі кеңінен таныстырылды

1738
Фотосурет: Gov

Ыстанбұлда VII Халықаралық этноспорт фестивалі табысты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Әлемдік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен дәстүрлі VII Халықаралық Этноспорт Фестивалі кең ауқымды өтті. Шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиев, Әлемдік этноспорт конфедерациясының төрағасы Биләл Ердоған, Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашкын, сондай-ақ Ыстанбұл қаласының губернаторы Давут Гүл арнайы қатысты.

Фестиваль аясында әлемнің әртүрлі өңірлерінен келген көшпенді халықтардың ұлттық ойындары, дәстүрлі спорт түрлері мен мәдени ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Бұл шара тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраның көрінісі ретінде кең аудиторияны қамтыды.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолғабысымен Қазақ мәдениетін танытатын көрме аймағында киіз үй тігіліп, дәстүрлі тағамдар және ұлттық қолөнер бұйымдары жұрт назарына ұсынылды. Көрме шетелдік және жергілікті көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қазақстан фестивальге ұлттық спорт түрлерінің өкілдері бар арнайы делегациясын ұсынып, халқымыздың бай этно-мәдени, спорттық мұрасын кеңінен паш етті.

Барша халыққа ашық өткізілген бұл халықаралық фестивальге Түркия тұрғындарымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен қатысушылар келді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -