Мемлекет басшысы Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Астана мен Скопье арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.
"Қазақстан Солтүстік Македониямен жан-жақты серіктестікті дамытуға мүдделі және Сіздің еліңізді Балқан түбегіндегі сенімді әріптес ретінде қарастырамыз" Қасым-Жомарт Тоқаев
Гордана Силяновска-Давкова Қазақстанға шақырғаны үшін Президентке алғыс айтып, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға зор әлеует бар екенін жеткізді.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты егжей-тегжейлі талқылады. Президенттер Қазақстан-Солтүстік Македония қарым-қатынастарының барлық саласына тың серпін беруге уағдаласты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және туризм сияқты перспективті бағыттарға назар аударылды. Мемлекеттер басшылары Солтүстік Македонияның танымал Alkaloid фармацевтикалық компаниясының Алматыда өкілдік ашу туралы шешімін құптады.
![]()
Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.