Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысу үшін елімізге келген БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесу өткізді.
Президент жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз етуде Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі FAO бюросымен тығыз серіктестік орнатып, 27 жобаны табысты жүзеге асырды. Қазіргі уақытта қуаңшылық пен ауылшаруашылық алқаптарының сортаңдануы жағдайында табиғи ресурстарды басқару, орнықты аквамәдени даму, топырақ құнарын сақтау секілді салаларда тағы 14 жоба іске асырылып жатыр.
Цюй Дунъюй Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде айтарлықтай рөл атқаратынын айтты.
Әңгімелесу барысында ұлттық алма бренді саналатын Алматы апортына ерекше назар аударылды. Қазақстан ресми түрде апорттың отаны болып мойындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цюй Дунъюй өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.