Қазақстан ФАО-ның үш негізгі бастамасына қатысуда

2838
Фотосурет: Gov

Қазақстанда БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Астана халықаралық форумы аясында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.

Тараптар Еуропа мен Орталық Азия бойынша FAO бағдарламасы аясында жоспарланған жобаларды талқылады. Қазіргі уақытта министрлік осы жобаларды іске асыру бойынша жол картасын әзірлеп жатыр.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан FAO бағдарламасының үш негізгі құрамдас бөлігіне де қатысып отыр. Олар – үйлестіру, су ресурстарын қалпына келтіру және биоәртүрлілікті сақтау. Үшінші компонент бойынша пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысы таңдалды. Жақын арада бұл бағдарламаны келісеміз деп үміттенемін. Бізді Сырдария өзеніне қатысты екінші компонент те қызықтырады. Егер мамандарымыз нақты ұсыныстар әзірлесе, оларды сіздермен бірге талқылауға дайынбыз» Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов

Сонымен қатар тараптар бірлесіп маман даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ тәжірибе мен технологиялар алмасу мәселелерін талқылады. Кездесуде Қазақстанның су инфрақұрылымын дамыту жобаларына халықаралық қаржы институттарын тарту мәселесі де көтерілді.

Өз кезегінде, FAO бас директоры Цюй Дунъюй Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы зор әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ ол Орталық Азиядағы су ресурстарын басқаруды дамыту саласында ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -