Мәскеу қаласында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАГ) 42-пленарлық апталығы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жұмыс топтарының отырыстары мен пленарлық мәжіліс Еуразиялық топқа мүше мемлекеттердің және бақылаушылардың, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (FATF – Financial Action Task Force), FATF типтес өңірлік құрылымдардың (GIABA, ESAAMLG, MENAFATF) және басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтті.
Пленарлық отырыс барысында өзара бағалаудың үшінші кезеңіне дайындық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы ұлттық жүйелерді жетілдіру (АЖ/ТҚҚ), сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қатысты негізгі мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, 2026 жылға арналған Еуразиялық топтың бюджеті, Халықаралық оқу-әдістемелік орталықтар қауымдастығының тұжырымдамасы, бақылаушылармен өзара іс-қимыл саясаты, сондай-ақ Түрікменстанның рейтингтерді қайта қараусыз екінші ілгерілеу есебі бекітілді.
Қытай Халық Республикасына қатысты өзара бағалау рәсімін Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) қолдауымен үшінші кезең аясында жүргізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Африка экспорттық-импорттық банк тобына Еуразиялық топтың бақылаушысы мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды.
Қазақстан Республикасы өзара бағалауға қажетті әдістемелік материалдарды бекіту мен шетелдік резиденттердің қатысуымен болатын күдікті қаржылық схемаларды анықтау, қылмыскерлердің қаржылық мінез-құлқын сипаттау, трансшекаралық тергеу тетіктерін жетілдіру бойынша жаңа типологиялық зерттеулерді мақұлдау бастамаларын қолдады.
Қазақстан Республикасы Еуразиялық топтың жұмысына белсенді түрде қатысып, ұлттық АЖ/ТҚҚ жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес одан әрі дамытуға ниетті.
Келесі, 43-пленарлық отырыс 2025 жылғы қараша айында Беларусь Республикасында өтеді.