Astana International Forum – 2025 аясында өткен сессияда Power International Holding компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Амер Махасен еліміздің энергетикалық болашағына сенім білдіріп, бірқатар маңызды жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстанға келу — бұл жай ғана жаңа нарыққа шығу емес, ұзақ мерзімді құндылықтар қалыптастыруға бағытталған саналы таңдау, деп хабарлайды DKnews.kz.
Power International Holding (PIH) — 19-дан астам елде жұмыс істейтін, энергетика, инфрақұрылым, телекоммуникация, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда кең ауқымды қызмет атқаратын катарлық холдинг. Қазақстанда компания өз қызметін UCC Holding еншілес құрылымы арқылы жүзеге асырып отыр.
Амер Махасен форумда сөйлеген сөзінде:
«Біз Қазақстандағы стратегиялық басымдықтарды толық қолдаймыз. Әсіресе таза энергия, ақылды инфрақұрылым және тұрақты урбанистика салаларында. Бұл – біз үшін тек инвестициялық мүмкіндік емес, сонымен бірге жергілікті әлеуетті дамытуға үлес қосу жолы», – деп атап өтті.
Газ-энергетика – жаңа бағыттар
Компания Қазақстан энергетикасындағы ең ірі жобалардың біріне тікелей қатысуда. "Самрук-Энерго" компаниясымен бірлесе отырып, Қызылорда облысында қуаттылығы 1 100 мегаватт болатын бу-газ электр станциясын (CCGT) салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл станция елдің энергия жүйесін күшейтумен қатар, экологиялық тиімділікке де бағытталған.
Сондай-ақ, Power International Holding QazaqGaz және ҚР Энергетика министрлігімен бірге келесі жобаларды жүзеге асыруда:
- Жылына 1 және 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін екі зауыт құрылысы;
- Ақтөбе мен Қостанайды байланыстыратын жаңа магистральді газ құбыры мен компрессорлық станция (КС-14) құрылысы;
- Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының кеңеюі арқылы оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерді газбен қамтуды жақсарту.
Тек энергетика емес...
Компания телекоммуникация саласында да белсенді қадамдар жасап жатыр. Жақында PIH Altel және Tele2 Kazakhstan операторларын сатып алып, елдегі интернетке қолжетімділікті арттыру мен цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға кірісті. Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Power International Holding тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларына да инвестиция салуға мүдделі екенін білдірді. Амер Махасеннің айтуынша, компания үшін басты басымдық — жергілікті қауымдастықтармен сенімді, ұзақ мерзімді серіктестік орнату.
«Қазақстан — болашағы зор ел. Біз бұл елдің әлеуетіне сенеміз және нақты істерімізбен бұл сенімді дәлелдеуге дайынбыз», – деді Махасен мырза сөзінің соңында.